Еурокеңес басшысы Газа тұрғындарына қатысты мәлімдеме жасады

Оралхан Қожанов

Газа секторында күн сайын қаза тапқандардың саны артып келеді. Өкінішке қарай, олардың көбі бейкүнә жандар. Осы ретте, Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель өз пікірін айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

«Газа секторында гуманитарлық көмекті тағатсыздана күтіп отырған бейкүнә тұрғындардың кешегі өліміне қынжылдым. Халықаралық құқық қос стандартқа жол бермейді. Дереу тәуелсіз тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту керек», - деді ол.

Мишельдің айтуынша, БҰҰ БАПОР (UNRWA) сияқты мамандандырылған агенттіктер ұсынатын гуманитарлық көмекті жеткізуге мүмкіндік беру үшін атысты шұғыл тоқтату қажет.

Айта кетейік, бейсенбі күні Газа қаласында гуманитарлық көмек күтіп тұрған жүздеген палестиналыққа Израиль әскері оқ жаудырды. Салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 700-ге жуық адам жарақат алды.

Естеріңізге салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус Газадағы "Әл-Ақса" ауруханасындағы жүздеген науқас пен медицина қызметкерінің жоғалып кеткенін хабарлаған болатын.