Хуситтер? Әлеуметтік желілерден ақау шығуының ықтимал себебі анықталды

Сырым Қаржас

Әлеуметтік желілерден жаппай ақау шығуының ықтимал себептерінің бірі – Қызыл теңіздегі интернет магистралінің зақымдалуы деп жазады әлемдік БАҚ көздері.

Фото: Ашық дереккөзден

Йемендегі хусит көтерілісшілері Қызыл теңіз түбінен өтіп, ғаламдық интернет пен телекоммуникацияның жұмысын қамтамасыз ететін үш кабельді үзді, деп хабарлайды Associated Press.

Үзілген кабельдер Еуропаны, Азияны және Африканы байланыстырды және Қызыл теңіз арқылы өтетін трафиктің 25% қамтамасыз еткен, деп атап өтті Гонконгта орналасқан HGS Global Communication Limited.

– Бастапқы талдау зақымдалған кабель сегменттері Қызыл теңіздің оңтүстігінде, Йеменнің юрисдикциясына жататынын көрсетті, - деді HGC.

Еске сала кетейік, 5 наурыз кешқұрым әлеуметтік желілер ашылмай қалды. Facebook қайта авторизация сұрап, логин мен кілт сөзді қабылдамады. Youtube пен Instagram парақшалар да жаңармай қалды. Дүние жүзіндегі әлеуметтік желілердің жұмысын бақылайтын Downdetector сайтында Facebook жұмысындағы ақау туралы 90 мыңнан астам қолданушы хабарлады. Instagram-дағы ақаулық туралы 50 мыңнан астам қолданушы шағымданған.

– Мәселе интернетте емес, бәрін тексердік, жұмыс істеп тұр. Операторлар да жұмысында ақау жоқтығын хабарлайды, – деп хабарлайды Қазақстанның цифрлық даму министрлігі.