14 жыл ел басқарып, экономиканы рецессияға ұшыратқан консерваторлар биыл билікпен қош айтысуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржы министрі Джереми Хант Консервативтік партияны алдағы сайлауда жеңілістен құтқару үшін салықты төмендетуді көздеп отырған көрінеді.
“6 сәуірден бастап, еңбек адамдары мен жеке кәсібі барлардың ұлттық сақтандыруға төлейтін салығы тағы екі пайыздық тармаққа азаяды. Яғни, жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер жылына 450, ал жеке кәсіпкер 350 стерлинг фунтын үнемдей алады”, - деді Джереми Хант.
Ұлыбританияда салықтың екі түрі бар. Біріншісі – табыс, екіншісі – ұлттық сақтандыру салығы. Жиналған ақша мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады. Салық көлемі кемігенімен, ол бәрібір рекордтық жоғары деңгейде тұр, дейді оппозициядағылар. Лейбористер партиясы салықты Торилердің өздері көтергенін айтып, налып отыр.
“Ұлыбритания экономикасы рецессияға кірді. Халықтың төзімі таусылды. Билік қанша тырысса да, салық жүктемесі соңғы 70 жылда болмаған ең жоғары деңгейде тұр. Консерваторлар бір қолмен беріп, екінші қолмен бергенінен де көп алуға үйренген. Сайлауға дейін қандай әрекетке бармасын жағдай өзгермейді”, - дейді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес Консерваторлар Лейбористер партиясынан анағұрлым артта келеді. Рейтингілері соңғы 50 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен.