Шымкентте дәстүрлі қазақы кілемдер мен заманауи инсталляциялар, бейнеөнер туындылары қатар қойылған SHE RUG 02 – ALONE TOGETHER көрмесі ашылды. Өнер иелері интернет арқылы үнемі байланыста болғанымен, адамдардың бір-біріне шын мәнінде жақын болуы неге қиындап бара жатқаны туралы ой қозғайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көрмеге қазақстандық он автордың туындылары қойылған. Олардың қатарында Әлібай Бапанов, Алмагүл Менлібаева, Айгүл Қыдырбаева, Ботагөз Төлеш, сондай-ақ ShyraQ шығармашылық студиясының өкілдері мен өнер жинаушылар бар.
Авторлар кілем, тоқыма бұйымдары мен заманауи өнер туындылары арқылы көшпелі халықтың мәдени мұрасы бүгінгі қоғамда да өз жалғасын тауып келе жатқанын көрсетеді.
Көрмеде дәстүрлі кілем тоқу өнеріне айрықша орын берілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақы кілем үй ішін сәндейтін бұйым ғана емес, бірнеше буын әйелдің білімі мен шеберлігі сақталған отбасылық тарихтың бір бөлшегі.
ALONE TOGETHER атауын «Бірге жүріп жалғыз қалу» деп түсінуге болады. Бұл атау қазіргі өмірдегі бір қайшылықты меңзейді: технология адамдарға кез келген уақытта байланысуға мүмкіндік бергенімен, үнемі хабарласып отыру бір-біріне жақын болуды білдірмейді.
Авторлар осы мәселеге қарсы қазақ қоғамындағы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлерді алға тартады. Қонаққа есіктің ашық болуы, ортақ дастарқан басында бас қосу, көршіге қол ұшын беру, қолөнердің қыр-сырын үлкендердің кейінгі буынға үйретуі – адамдарды жақындастыратын құндылықтар.
– Қазір технологияның арқасында үнемі байланыста бола аламыз. Алайда адамдар арасындағы шынайы жақындық барған сайын әлсіреп барады, – дейді көрме кураторы, ShyraQ брендінің негізін қалаушы Сандуғаш Бейсенбекова.
Оның айтуынша, жобаның мақсаты өткенге оралу емес, дәстүрді бүгінгі өмірмен сабақтастырудың жолын іздеу.
Көрме өнер, бизнес және ғылым өкілдерінің бірлескен жобасы ретінде жүзеге асқан. Оның білім беру саласындағы серіктесі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті. Ұйымдастырушылар университетпен бірлесіп, дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнда, білім беру бағдарламаларында және өңірдің шығармашылық индустриясында кеңінен қолдануды дамытуды жоспарлап отыр.
SHE RUG 02 – ALONE TOGETHER көрмесін 12 желтоқсанға дейін тамашалауға болады. Көрме Orbis Auto Shymkent кеңістігінде, Тәуке хан даңғылы, 90Б мекенжайында орналасқан.
Көрме келушілерді қазақтың кілем тоқу өнерімен ғана емес, отбасы байланысы, мәдени жады және адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы заманауи көзқараспен де таныстырады.