Мәскеудегі теракт: ФСБ директоры 4 террорист ұсталғанын хабарлады

Сырым Қаржас

Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортников Владимир Путинге 11 адамды, оның ішінде "Крокус Сити холлда" болған 4 террористің ұсталғаны жөнінде баяндама жасады. Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Baza

Бортников Путинге "Крокус Сити холлда" шабуыл жасағандардың көмекші базасын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. 

Ал Baza ақпарат көзі алдын ала мәліметтер бойынша, ұсталғандардың бірі - Душанбенің 19 жастағы тумасы екенін жазады. Оның жарақатынан сол көзі жабылмай қалып, ауруханаға жеткізілген.

Мәскеудегі теракт

22 наурызда қарулы лаңкестер "Крокус Сити Холл" концерт залына басып кіріп, "Пикник" тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырды. Осыдан кейін ғимаратта жарылыстар естіліп, өрт шықты. Ресей тергеу комитеті (РТК) 60-тан астам адамның қайтыс болғанын әрі бұл көрсеткіш артуы мүмкін екенін хабарлады. РТК террористік акт туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Кремль Ресей қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, төтенше жағдайлар министрлігі, росгвардия басшылары Владимир Путинге "Крокустағы" шабуылға қатысты тергеу барысы жөнінде баяндағанын хабарлады.

Бүгін таңға жуық "Крокустағы" шабуылдан зардап шеккендердің бәрі оқиға орнынан эвакуацияланғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Тікұшақтар өртті сөндіру жұмыстарын аяқтаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Мәскеудегі теракттан қаза болған адам саны 93-ке жеткен.

Мәскеуде Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 телефоны бойынша жедел желі жұмыс істейді.