АЭС бойынша референдум: қазақстандықтар «қарсымыз» деп дауыс берсе не болады

Аян Өрібай

Энергетика министрлігі егер Қазақстан азаматтары референдум барысында атом электр станциясының құрылысына қарсы болса, не болатынын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: ulysmedia.kz.

Вице-министр Сұңғат Есімханов брифингте бұл жағдайда ведомство жаңартылатын энергия көздері мен газ электр станцияларына баса назар аударатынын айтты.

– Министрлік энергетиканы дамыту жоспарын бекітті. Онда көп жоба бар — бұл жаңартылатын энергия көздері. Біз осы 10 жылда жаңартылатын энергияның өте үлкен көлемін қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Олардың қуаты 10 гигаваттан асады. Екіншісі – міндетті газ генерациясы, өйткені бізге жаңартылатын энергияны реттеу үшін маневрлік қуат қажет, - деді ол.

Шенеунік осындай бірнеше жобаны тізімдеп атап өтті. Сондай-ақ, Алматыдағы ЖЭО мен Екібастұздағы ГРЭС жаңғыртылатынын қосты.

– Бұл жобалар жүріп жатыр. Қуаттылығы шамамен 1000 мегаватт болатын "Түркістан" ПМУ 2026 жылы пайдалануға беріледі. Қызылордада 240 мегаватт газ станциясы салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, алматылық ЖЭО газға ауысады әрі қуаттылығы 1000 мегаватт шамасында артады. Сондай-ақ бізде көмір станциясын жаңғырту және Екібастұз станциясын кеңейту жүріп жатыр: бір ГРЭС 1 блогы және екі ГРЭС 2 блогы. Елдің электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ететінімізге сенімдіміз, бірақ атом энергетикасын дамытудың өзіндік артықшылықтары бар, — деп толықтырды вице-министр.

Сонымен қатар, спикер "Самұрық-Қазынада" АЭС тақырыбында әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алдын ала респонденттердің 50%-дан астамы энергетика министрлігінің ақпараты бойынша атом электр станциясының құрылысына оң көзқараспен қарайды дейді Есімханов.

Еске салайық, халыққа Жолдауында Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдауға барып қайтқан еді. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Жиналғандар екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздаған болатын.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін АЭС құрылысына байланысты барлық жұмыстар тоқтатылғанын мәлімдеді.