Мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының майталманы Ғаділбек Шалахметов өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жазды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының майталманы Ғаділбек Шалахметовтің өмірден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Марқұмның отбасына, жақындарына және әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамын. Ғаділбек Мінәжұлының жарқын бейнесі, кәсіби шеберлігі мен БАҚ саласындағы жарқын жетістіктері отандық журналистика тарихында өшпес із қалдырары сөзсіз. Марұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! – деп жазды ол өз парақшасында.
Ғаділбек Мінәжұлы БАҚ саласындағы еңбек жолын Алматы телестудиясында бастап, Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылы Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы болып жемісті еңбек етті. Майталман маман мемлекетаралық "Мир" телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Компанияның құрылуы отандық телевидениенің дамуына жасалған стратегиялық маңызды қадам болды.