Бишімбаев түрмеде өз-өзіне қол салғысы келгенін айтты – оған прокурор сенбеді

Аян Өрібай

Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика Экс-министрі Қуандық Бишімбаев тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Бишімбаев не дейді?

Сот процесі барысында прокурор Асхат Нұрбеков Қуандық Бишімбаевқа бірнеше сұрақ қойды. Соның бірі – тергеу изоляторында өз-өзіңізге қол салғыңыз келгені рас па?

– Менде мұндай әрекеттер болды, иә, тергеу изоляторында, – деді Бишімбаев. 

Десе де, прокурор сотталушының бұл сөзіне сенбей, оны имитация деп атады.

– Бишімбаев ұсталған сәттен бастап бес ай бойы мен процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторында Бишімбаевтың камерасында орнатылған бейнебақылау камерасын бақылап отырдым. Маған сенсеңіз, бес айдың ішінде сіз (Бишімбаев) ешқашан өз-өзіңізге дене жарақатын салуға тырыспадыңыз, - деді прокурор.

Прокурор сонымен қатар Салтанаттың қайтыс болғанын түсінген кезде Бишімбаевтың мейрамханада өз-өзіне қол жұмсау әрекетін имитация деп атады.

Оның суицид әрекеті туралы бұрын "Бао" мейрамханасының бармені Ерденов айтқан болатын.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.