Қазгидромет болжамы: алдағы күндері қай өңірлерде жаңбыр жауады

Аян Өрібай

Орталық коммуникациялар алаңында ТЖМ мен Қазгидромет өкілі су тасқынына байланысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Азаттық

3745 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағын әлі де су алып жатыр

ТЖМ азаматтық қорғаныс комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпашов су тасқыны басталғалы бері 75 982 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлайды.

– Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3745 жеке тұрғын үй, 421 аула аумағы су астында қалуда. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 4 көпір мен 101 жол төсемі бақылауда тұр, - дейді ол.

Сайпашовтың сөзінше, көлік қатынасынсыз қалған 65 елдімекен бақылауда. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына республикалық штаб баса назар аударған. Жедел желі телефонына 1152 қоңырау келіп түскен. Республикалық және жедел штабтар жұмыс істеп жатыр.

Қазгидромет не дейді?

«Қазгидромет» РМК  баспасөз хатшысы Алина Смагұлова Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталатынын атап өтеді.

– Қазақстанның солтүстік батысында, солтүстікте, орталықта күндіз жауын-шашын, түнде жаңбыр жауады. Қатты жаңбыр орталықта, күндіз елдің солтүстігінде болады деп болжануда. Тек оңтүстікте, оңтүстік батыста жауын-шашынсыз. Сонымен бірге Ақмола және Ақтөбе облысында дауылдан ескерту беріледі. Ақтөбе облысында 7-10 сәуір аралығында су деңгейі көтеріледі деген болжам бар, – дейді ол.

Ақмола облысында Зеренді, Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Целиноград аудандарында 7-10 сәуір аралығында судың жиналу деңгейі жоғарылайды деген болжам бар.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде біраз күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызып отыр.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма беріп отыр.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.