Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны қаупі бар өңірлердегі қазіргі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЖМ деректері бойынша, 2024 жылғы 10 сәуір, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 336 аула аумағы су астында қалып отыр.
Сондай-ақ су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемін жіті бақылауда .Бірлескен күштермен 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылған. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылған.
Су тасқыны кезеңінің басынан бері 96 472 адам құтқарылды, оның ішінде 31 640 бала. Тартылған әуе кемелерімен 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала бар. Қауіпсіз жерге 82 559 ауыл шаруашылығы жануарлары айдалды, - деді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш республикалық ақпараттық штабтың брифингінде.
Сондай-ақ ол зардап шеккен аймақтарға 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілгенін айтты. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам және 2 655 техника, 469 су айдау құралы және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылған.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде біраз күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызып отыр.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма беріп отыр.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.