Air Astana батыстағы үш қалаға алынған әуе билетінің ақшасын толық қайтаратын хабарлады

Сырым Қаржас

Әуе компаниясы елдің батысына ұшпақ болған жолаушыларға қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Фото: Ашық дереккөзден

21 сәуірге дейін билеттердің ақшасы қайтарылады

– Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты Air Astana әуекомпаниясы жолаушыларға 21 сәуірді қоса алғанда жоспарланған Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларына барлық рейстер үшін сатып алу орны бойынша қаражатты толық қайтаруды ұсынады. Жолаушылар ыңғайлығы үшін айыппұлсыз 15 мамырға дейін қайта брондау мүмкіндігі беріледі. Еске салайық, Air Astana тобы қажет болған жағдайда зардап шеккендерге ұшу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін тасымалдау сыйымдылығын 2500-ден астам орынға арттырып, Атыраудан қосымша 14 рейс іске қосты, – деп хабарлайды әуе компаниясы.

Әуе билеттері

Бұған дейін Атырауға әуе билеттері 600 мың теңгеге дейін қымбаттағаны хабарланған болатын. Депутаттар да табиғи апат жағдайында әуе сапарының қымбат бағасына наразылық білдірген. Әуе компаниясы кейін осы ақпаратқа түсініктеме берді.

Еске сала кетейік, елде біраз күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызып отыр.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.