Петициядан кейін Бекет ата полигоны – Бейнеу болып өзгертілді

Ulysmedia

Петиция авторы Мұрат Кенжебаев Бейнеудегі «Бекет Ата» әскери жаттығу полигонының атын өзгертуге атсалысқан халыққа алғыс айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz порталы.

Фото: Ашық дереккөзден

«Бекет піріміздің аты беріліп кеткен әскери жаттығу полигоны «Бейнеу» оқу жаттығу полигоны болып өзгертілді. Бұл туралы  Бас қолбасшының арнайы бұйрығы шықты. Бұйрықтың бір данасы Бейнеу ауданы әкімдігіне табысталды. Бекет Атамыздың  аруағына нұқсан келтіретін атауларға қарсы шығып, өзгертуін талап ету  туралы Үндеуді дайындап,  шығаруда көмектескен Киікбай Әбілбайұлы Медеуов ағамызға, және осы кісінің жанындағы қолдаушы,  «Елім, Жерім, Ауылым, Жұртым, Ұлтым, Ұрпағым» деп жүрген аға інілеріме алғысым шексіз», - деп жазды Мұрат Кенжебаев.

Сонымен қатар петиция авторы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа, тағы басқа лауазымды адамдарға алғысын білдірді.

Еске сала кетсек президентке петиция жазған маңғыстаулықтар бұған дейін «Бекет ата полигоны» атауын өзгертуді талап еткен болатын. Осылай деген бір топ азамат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жолдап, мәселені сондай-ақ қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың және мәжіліс депутаттарының назарына алуды сұраған еді.