Өзбекстан кәсіпкелері су тасқынынан зардап шеккен Қазақстанға жылу жинап жатыр

Ulysmedia

Көршілес елдегі кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккендерге қаржылай және заттай көмек жинап жатыр деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Олар кімдер? 
 
Бұған бастамашы болып жүрген Өзбекстандағы  Абдурасул Тастанов және Абдулазиз Гафуров есімді кәсіпкер азаматтар. Жоғары Шыршық елдімекені жүздеген литр өсімдік майы мен төсек-жабдық жинаған. Сондай-ақ  арнайы есепшотқа 60 млн сом аударған. Гуманитарлық пунктке де керек-жарақтың түр-түрі жеткізіліп жатыр екен. Оның ішінде үрлемелі қайық, резеңке етік және халыққа ең қажетті гигиеналық заттар бар. Бұл жұмысқа Өзбекстандағы танымал блогерлер де атсалып жатыр.

Көмек қашан жетеді? 

Гуманитарлық көмек тиелген көлік жұма күні жолға шығып, Қостанай облысындағы тасқыннан зардап шеккен ауылдардың біріне жеткізіледі. 

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.