Тарихта тұңғыш рет: Қазақстан Азия құрлығы бойынша Virtus жартылай марафонынан әлем чемпионатын өткізеді

Ulysmedia

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған мұндай жарыс елімізде тұңғыш ұйымдастырылып отыр және ол Азия құрлығы бойынша бірінші рет өткелі тұр. VIRTUS қандай ұйым, марафон Қазақстан үшін несімен маңызды және ол параспортшыларға не үшін қажет, сұраққа жауапты Ulysmedia.kz. материалынан оқып біліңіз.

Ulysmedia

Неден басталды?

Өткен жылы Қазақстанның ақыл-есі кеш дамыған азаматтарға арналған Спорт федерациясы Virtus халықаралық ұйымына қосылды. Биыл елімізде алғаш рет пара атлеттер арасында Virtus жартылай марафонынан әлем чемпионаты өтеді.

Толығырақ…

 2024 жылдың 21 сәуірінде дәстүрлі АЛМАТЫ ЖАРТЫЛАЙ МАРАФОНЫ өтеді. Осы шараның аясында зияткерлік және дамуында ауытқулары бар параспортшылар арасында Virtus World Half Marathon & 10K Road Race Championships 2024 жарысы ұйымдастырылады.

Кімдер қатысады?

Жартылай марафонға сегіз елдің, атап айтсақ,  Португалия, Болгария, Жапония, Польша, Қытай, Испания, Швеция және Қазақстанның параспортшылары қатысады. Қазақстан  атынан ii1 (жеңіл ақыл-ой кемістігі) және ii3 (аутизммен ауыратын) категориялары бойынша 6 параспортшыдан тұратын команда қатысады. Оның бесеуі Астанадан, біреуі Алматыдан.

Қазақстандықтар жүлдеден дәмелі

Былтыр осы жарысқа тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы Франциядан құр қол қайтқан жоқ. Virtus Global Games ойындарында отандастарымыз велоспорттан үш медаль жеңіп алды.

Virtus Asia президенті

Шара қарсаңында Алматыда баспасөз мәслихаты өтіп, Virtus Asia президенті Патрик Чан ұйымның мақсаты туралы айтты.

  - Мен Virtus Asia президентімін. Қазақстан тарапына осындай жарыс өткізуге ынта білдіргеніне ризашылығымды білдіремін. Келушілер үшін жақсы әсер қалдыратынына сенемін. Virtus-тегі қызметім 2015 жылы басталды. Ол кезде Бас хатшы болдым. 2017 жылы басқарма мүшесі, 2019 жылы Virtus Asia президенті болып тағайындалдым. Virtus дегеніміз не? Бұл ақыл-ойы бұзылған спортшыларға арналған халықаралық спорт федерациясы. Virtus мұндай адамдарға өзін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде ұйым аясында Паралимпиада ойындарына қатысуға болады. Сонымен қатар гольф, каратэ, таэквондоны дамытудамыз. Біздің мақсатымыз – ақыл-ойы бұзылған спортшыларға инклюзивті әлем құру», - деді ол.

Федерация басшысы

Virtus-тың Қазақстандағы федерациясын басқаратын Дина Темірғалиеваның айтуынша, мұндай ауқымды жарыстың Алматыда өтуі Қазақстан үшін маңызды. Сол арқылы еліміз әлем елдері алдындағы орнын нықтайды. 

  - Virtus әлем чемпионатын Азияда алғаш рет өткізе отырып, біз аймақтағы зияткерлік кемістігі бар адамдарды спортпен қамтуға және дамытуға айтарлықтай қадам жасаймыз. Бұл жарыс біздің параспортшыларға әлемдік жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, қажетті рейтингтік ұпайларды алуға көмектеседі. Ең алдымен, ертең жарыс жолына шығатын спортшыларға сәттілік тілеймін. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның параспортшылары жарыс жолына бірінші болып шығады. Екіншіден, біз Азияда алғаш рет Virtus аясында жартылай марафон өткізіп отырғанымызды мақтан етеміз. Бір жағынан алып қарағанда бұл біз үшін үлкен сынақ. Бұл Орталық Азиядағы ақыл-ой кемістігі бар адамдар үшін спортты дамытудың тамаша бастамасы болмақ.

Біздің федерацияның екі жыл бұрын құрылғанын атап өткім келеді. Осы аз ғана уақыт ішінде біз Virtus тарапынан сенім мандатын алдық, былтырғы жарыста үш күміс медаль олжаладық. Сондай-ақ 2024 жылдың басында велоспорт бойынша екі алтын медаль жеңіп алдық. Ал бұл бастамасы ғана.

Сегіз елден 24 параспортшы тіркелген. Ертең қызу тартыс болғалы тұр. Параспортшылар екі қашықтық: 10 км және 21 км бойынша жарысады. Сонымен қатар, Даун синдромымен ауыратын спортшы алғаш рет Virtus жарысына қатысатынын атап өткіміз келеді», - деді ол.

Қазақстанның Паралимпиада бойынша ұлттық комитетінің Бас хатшысы Олжас Ақпамбетов спортшыларға сәттілік тіледі. 

Қазақстаннан шыққан чемпион

Паравелоспорттан әлем чемпионының анасы Светлана Ордабаймен ұлы жайында сөйлестік. Анасының айтуынша, Дастанға аутизм диагнозы қойылған. Ол спортпен 10 жасында айналыса бастады, өткен жылдың өзінде жүлделі орындардан көрінген. 

- Мен велоспорттан әлем чемпионы Дастан Ордабайдың анасымын. 2024 жылдың қаңтарында Аустралияда өткен чемпионатта  екі алтын медаль жеңіп алдық. Ол 17 жаста. Оған аутизм диагнозы қойылған. 10 жасымыздан бастап спортпен шұғылдандық. Спортқа қалай келдіңіз дегенге айта кетейін. Балаңызға қараған кезде сіз оның бойындағы қандай да бір талантты және ол неден ләззат алатынын іздейсіз. Дастан велосипед тебуді ұнататын. Сондықтан біз оны велоспортқа жібердік. 10 жаста тректегі велосипед үйірмесіне қатысып көрдік. Қиындығы сол, нағыз маман табу оңай емес екен. Бірақ жақсылық қайдан депің бар ма? Бауыржан Өтегенов деген жаттықтырушының жолықтырдық. Ол Дастанды жаттықтыруға келісті. Араға алты жыл салып біз Virtus жарыстарына қатысуға мүмкіндік алдық. Міне, 2023 жылы Дастан Францияда өткен жарыста үш күміс медаль жеңіп алды. 

Стереотиптер

Ақыл-есі дамуында ақауы бар балалардың ата-аналары көп жағдайда спорт десе үркіп қарайды. Олар балаларының қарым-қабілетіне күмән келтіреді. Балаларының мүмкіндігі шектеулі деп ойлайды. Ал ол дұрыс емес. 

 - Стереотиптерге келетін болсақ. Мен жетістікке жетейін, медаль алсын деп ойлаған, жоспарлаған емеспін. Мен әрқашан ұлымның соңынан онымен бірге жүріп отырдым. Мен оның диагнозын ешқашан жасыруға тырыспадым. Біз қарапайым мектепте оқимыз. Өз қатарластарымен бір партада отыруы оған осындай жарыстарға қатысуға мүмкіндік берді деп есептеймін. Ол бәрімен бірге болуға үйренген.

Ақыл-есі дамуында олқылықтары бар балалардың жарысына барған кезде мен көп нәрсені түсіндім. Бұл балалардың мүмкіндігі мол екен. Біз оларды шектеулі деп қараймыз ғой. Virtus жарысы тек осындай балалар не олардың ата-аналары үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де маңызды. Адам...Кез келген адам ортақ іске өз үлесін қоса алады. 

Бәлкім, спорт дегеніміз өзіңді өзгелермен тең көру үшін берілген мүмкіндік шығар. Тіпті қандай да бір кемшілігің болса да. Дастанның жеңісі Қазақстан үшін, ондағы ата-аналар үшін маңызды деп есептеймін. Оның жетістіктері өзге ата-аналарға жігер береді. Болашақта олардан да жеңімпаздар шығар. Бастысы, жігеріңді құм қылмай, алға қарай талпына беру, - дейді Дастанның анасы.

Қазақстандағы Virtus

Қазір Астананың өзінде бірнеше бала жаттығып жүр. Бұрын Дастан жалғыз болатын. Бәрі Дастаннан басталды. Одан кейін екі бала қосылды. Қазір біздің команда 2-3-ке бөлінді, әрқайсысында 7-8 баладан бар.  Қазір қарап отырсам, бұндай балалар да спорттың осы түрімен айналыса алады екен. Бұрын бұл спорт түрі қауіпті деп саналатын...Қазір біздің балаларымыз басқаларға қарағанда жақсырақ жаттығады. Мұның өзі жетістік, - дейді Светлана. 

Тағы басқа

Бүгінде 100-ден астам ел Virtus қауымдастыққа мүше. Мұнда 7000-нан астам спортшы тіркелген. Федерация ақыл-есі дамуында олқылықтары бар балаларға жарыстарға қатысуға, өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай балаларға IQ 75 балл және одан төмен, Даун синдромы, аутизмі бар балалар жатады. II1 санатына жататын жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисінен Virtus Global Games жарысынан озып шыққандар Параолимпиада ойындарына жолдама алады. 

Марафон

Virtus Global Games - ақыл-есі дамуында олқылықтары бар балалар үшін басты спорт жарысы. Ол спорттың бірнеше түрі бойынша өткізіледі. 

Бұл шара төрт жыл сайын, Паралимпиада ойындарының алдындағы жылы ұйымдастырылады. 

Алматы жартылай марафоны – жай жарыс емес, сонымен қатар әрбір қатысушы жаһандық жүгіру мәдениетінің бір бөлігіне айналатын жарқын халықаралық оқиға. 2024 жылы Алматыда өтетін жартылай марафоны осымен жетінші рет өткелі отыр.