Түркістан облысындағы өрттен аман қалғандардың жағдайы өте ауыр

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Түркістан облысындағы өрттен зардап шеккендердің хал-ахуалына қатысты соңғы мәліметті жариялады. Науқастардың жағдайы тұрақты, бірақ өте ауыр күйде қалып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өрттен зардап шеккен үш адамның жағдайы әлі де “өте ауыр” деп бағалануда. 18 жастағы қыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Онымен бірге түскен әйел адам да жасанды тыныс алдыру құрылғысының көмегімен дем алып жатыр. Ер адам өздігінен тыныс алғанымен, жалпы жағдайы ауыр күйінде қалып отыр.

Барлық науқаста шок белгілері байқалады, денелерінің 11–12%-дан 30% дейін күйік шалған. Зардап шеккендер аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. 

Вице-министрдің айтуынша, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. 

- Аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Санавиация арқылы бес маман — ересектер мен балаларға арналған күйік дәрігерлері, улану бойынша мамандар және анестезиолог-реаниматолог жіберілді. Олар қазір оқиға орнында, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, дәрі-дәрмек толық жеткілікті, – деді вице-министр. 

Дәрігерлердің қазіргі басты міндеті — науқастардың жағдайын тұрақтандыру. Оларды Шымкент қаласына немесе Астанадағы республикалық клиникаға ауыстыру мәселесі пациенттердің жағдайына қарай қосымша қаралады.