Теміртаулық жедел жәрдем қызметкерлері үндеу жасап, көмек сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қызметкерлер қоғамнан қолдау сұрады.
- Жалақы аз, адам төзгісіз жұмыс жүктемесі, көліктер тозған, ынталандыру төлемдерінің, сыйақылар мен үстемақылардың жоқтығы — біздің күнделікті тұрмысымызға айналды. Біз тым ұзақ үнсіз қалдық, – дейді қызметкерлер.
Қызметкерлер жұмысының ауырлығына қарамастан өте аз жалақы алатынын айтады.
- Біз сіздерге сапалы көмек көрсетіп келдік, сіздерді емдеп, қолдау үшін бар күшімізді салдық. Және бәріңіз түсінуіңіз керек: жедел медициналық жәрдемсіз денсаулық сақтау жүйесі жай ғана ақсайды. Өйткені ең алдымен науқас қиналған сәтте, оның қорқынышын көріп, бірінші болып келетін – біз.
- Бізге құлақ асқандарыңызды қалаймыз. Неге біз осылай жұмыс істеп жүрміз? Қандай ауыр жағдайда еңбек етіп жүргенімізді білесіздер ме? Біздің жалақы біз көтеретін жүктемеге мүлде сай емес: біз аспаздардан да, бармендерден де, осындай ауыр жауапкершілігі жоқ кез келген қызметкерден де аз аламыз.
- Көбіне бізге мас күйіндегі адамдар, есірткі әсеріндегі науқастар кезігеді. Яғни біз үнемі өмірімізге қауіп төніп тұрған жағдайда жұмыс істейміз, – дейді қызметкерлер.
Олардың сөзінше, үкіметтің дәрігерлер 300-500 мың аралығында жалақы алып жатыр деген ақпараты шындыққа жанаспайды.
- Жалақыны көтеріп жатырмыз, 500 мың алып жатыр деп жатады. Ал іс жүзінде мүлдем бөлек нәрсе. Сондықтан жоғарыда отырған ел басқарып отырған азаматтар осы жағдайды ескеріп, осы мәселені шешуге атсалыссаңыздар дейміз, – дейді тағы бір қызметкер.
БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрақ жолдадық.
- Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің кәсіподағы еңбек ұжымымен келісім бойынша әлеуметтік әріптестік аясында жан басына шаққан тарифті инфляция деңгейін ескере отырып, еңбекақыны арттыруды қамтамасыз ететін қолайлы мөлшерге дейін ұлғайту жөнінде ұсыныспен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу-хат жолдады, – дейді басқарма өкілдері Ұлысқа берген жауабында.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасы автопаркті жаңартуға қатысты жауап берді.
- Автопаркті жаңартуға қатысты айтар болсақ, биыл жергілікті атқарушы органдар облыстық бюджет есебінен 113 жедел жәрдем көлігін және 2 санитарлық авиация көлігін сатып алуда, – делінген жауапта.