Асырап алған баласын өлтіріп, денесін аулаға көмген

Ulysmedia

Ақмола облысында асырап алған баласын өлтіріп, денесін үйінің ауласына көміп тастаған әйел ұсталды деп хабарлайды, Ulysmedia.kz  КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Ашық дереккөзден

2 жасар баланы өлтіріп тастаған 

Оқиға Щучье қаласында осыдан төрт жыл бұрын болған. Бес баланы қамқорлыққа алғандар екі жасар баланы өлтіріп тастаған. Бірақ оны осы күнге дейін ешкім білмепті. 

Аяқ-асты әшкере болған 
 
Қылмыс аяқ астынан әшкере болған. Асыранды балалардың бірі жақында басы жарылып, миы шайқалып ауруханаға түскен. Бағуға алған анасы дәрігерлерге байқамай, өлген баланың туу туралы куәлігін әкеліпті. Ал науқас баланың таяқ жегені анықталған. Осыдан кейін полиция бұл отбасын терксере бастайды. Сөйтсе асырап алған екі жасар ұлдары осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған. Оны ешкімге айтпай, бақшаға апарып көме салған. Ақыл есі кем, денсаулығының кінәраты бар бес балақайды қамқорлыққа берген жауапты мекеме олардың бірін тіпті о дүниелік болғаннан кейін заңдастырған. Енді олар да заң алдында жауап береді. Қазір күдікті ретінде 60 жастағы әйел қамуға алынды. Күдіктінің 29 жастағы қызы да тергелуде.  

Ресми мәлімдеме

“Жас баланың мәйіті табылуына байланысты ҚР ҚК 99-бабы, 3-тармағы, яғни «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2018 жылғы ұл бала қайтыс болғаннан кейін асырап алушылар тиісті мемлекеттік мекемеге хабар бермеген. Қазір сот-медициналық және басқа да сараптамалар тағайындалды. Тергеу ісіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.”- деп мәлімдеді, Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары Бахтияр Өтекин.