«Өлтіріп кетуі мүмкін»: Алматы облысында жоғалып кеткен 3 жасар қыз табылмай жатыр

Ulysmedia

Алматы облыстық Полиция департаменті Еңбекшіқазақ  ауданы Күш ауылында жоғалып кеткен үш жасар қызды  өлтіріп кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Күдіктілер қамауға алынды

Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалып кеткен 3 жастағы Айя Софияға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, - деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінен.

Қыз баланы іздеуге тікұшақ пен дрон жұмылдырылған

Полиция күдіктілердің кім екенін және қыздың денесі табылғаны туралы ақпарат бермеді.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды, – деп атап өтті ведомстводан.

Еске салайық, 17 наурыз сағат 16:00 шамасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылында үш жасар қызы үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Қызды іздеуге тікұшақ пен дрон жұмылдырылған еді.