Атырау облысында көп қабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі бала тірідей жанып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
AtyrauPress сайтының жазуынша, оқиға Индер ауданы Индербор кенті Махамбет көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде аталған мекен-жайдағы бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан пәтердің толықтай жанып кеткенін анықтады. Бұл туралы Қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Өрт кезінде үйдің жатын бөлмесінен 2014 жылы туған Н. Д. және 2017 ж.т. Ж.Д. өлі денелері табылды. Сондай-ақ анасы 1995 ж.т. Н. С. және азаматтық некедегі жолдасы 1994 ж.т. Д.Б. ес-түссіз күйде табылып, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Өрт сағат 06:02-де оқшауланып, сағат 06:10-да толықтай сөндірілген. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында Атырау қаласынан өрт-зерттеу зертханасы жұмыс істеп жатыр.