Атыраудағы екі баланың өлімі: Күдікті камераға түсіп қалған

Ulysmedia

Күдікті өрттен кейін Оралға кетіп қалған. Ол қайтыс болған балалардың анасының танысы болып шықты деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Атырау облысы Полиция Департаменті

Атырау облысының Индербор кентіндегі оқиғаның мән-жайын полиция мәлімдеді.  

Камераға түсіп қалған

Атырау облыстық ПД бастығының орынбасары Болат Көшқалиевтің айтуынша, оқиға орнында тергеушілер жанармай қалдықтары бар ыдысты тапқан. Күдіктінің жақын маңдағы жанармай құю станциясынан бензин салынған контейнер сатып алғаны анықталды. Ол бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Тәртіп сақшылары күдіктіні  Орал қаласынан апарар жолда ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.  

31 жастағы күдіктіге қатысты “аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру фактісі” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Атырау облысында көп қабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі бала тірідей жанып кеткенін хабарлаған едік. 

AtyrauPress сайтының жазуынша, оқиға Индер ауданы Индербор кенті Махамбет көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде аталған мекен-жайдағы бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан пәтердің толықтай жанып кеткенін анықтады. Бұл туралы Қоғаммен байланыс тобы мәлім етті. Өрт кезінде үйдің жатын бөлмесінен 2014 жылы туған Н. Д. және 2017 ж.т. Ж.Д. өлі денелері табылды. Сондай-ақ анасы 1995 ж.т. Н. С. және азаматтық некедегі жолдасы 1994 ж.т. Д.Б. ес-түссіз күйде табылып, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.