ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркия Президенті Ердоғанмен кездесті

Ulysmedia

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Анкараға барды. Басты мақсат – қазақ-түрік ынтымақтастығының сапалы дамуын қамтамасыз ету деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

primeminister.kz

Олжас Бектенов Анкара қаласында Түрік Республикасы басшысының қабылдауында болды. 

Қабылдау барысында Олжас Бектенов Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Екі мемлекет басшылары деңгейінде кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында өзара іс-қимылды дамыту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық салаларында белсенді іске асырылатыны атап өтілді. 

Сондай-ақ, Бектенов Түркияның Вице-Президентімен келіссөздер жүргізді, ірі түрік компаниялары мен холдингтерінің өкілдерімен кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады, сонымен қатар қазақ-түрік бизнес-форумында сөз сөйледі. 

Қазақстан мен Түркия арасындағы астықты терең өңдеу, көмір химиясы, мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химия және басқа салалардағы бірлескен жобалар қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. 

Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің бірі және үздік 20 инвесторының қатарына кіреді. Бүгінде екі ел үкіметтері кем дегенде $10 млрд деңгейінде тұрақты сауда көлемін жүйелі түрде қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. 

Олжас Бектенов бизнес өкілдеріне еліміз маңызды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. 

«Еліміздің инвестициялық әлеуеті зор және біз Түркиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан Үкіметі озық технологияларды трансферттеу, өндірістерді локализациялау және терең өңдеу кластерлерін құруға ниетті. Аталған бағытта ынтымақтастыққа дайын инвесторларға қажетті ресурстар ұсынылады және инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, қолдау көрсетілмек. Қазақстан Үкіметі елімізге бизнес жүргізу үшін келгендердің барлығына сенімді серіктес болуға дайын», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі. 

10 құжатқа қол қойылды

Бизнес-форум нәтижесінде Қазақстан мен Түркия делегациялары басшыларының қатысуымен жалпы құны $180 млн-нан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау жөніндегі меморандум, логистикалық хаб салу туралы келісімдер, сондай-ақ кальцилендірілген сода, жаңбырлатып суару жабдықтарын, тоқыма емес материалдар шығаратын бірқатар зауыттар салу туралы, суару жабдықтарын құрастыру бойынша келісімдер бекітілді. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы саласындағы озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ тұқым жеткізу перспективалары туралы келісімге қол қойылды.