«Ашуға бой алдырдым» : сотталушы автобус қаққан үш кісінің туысынан жылап кешірім сұрады

Аян Өрібай

Былтыр желтоқсанда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатының ісі бойынша жарыссөз бүгін түске дейін де жалғасты. Сотта Дархан Ахметжанов соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

“Күресті жалғастырам”

Бүгін сөйлеген жәбірленуші Либбер кешегі басқа жәбірленушідей сотталушы Ахметжановпен қатар, жүргізуші Шөкебаева мен автопаркті де жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. 

– Материалдық көмек түгілі автопарк те, жүргізуші де кешірім сұраған жоқ. Автопарк басшысының орынбасары осында  сөйлеген кезде «материалдық көмек ретінде қомақты ақша бердік» дейді. 200 мың теңге «қомақты» деп санаса, өз арына қалдырдым», - дейді жәбірленуші Либбер.

Ол жәбірленуші автобустың жүргізушісінің кінәлі емес екенін түпкілікті келіспейтінін айтады. 

– Сотталушы туралы ештеңе айтқым келмейді. Ол өз жазасын алады. Моральдық және материалдық шығынды автопарктен немесе автобус жүргізушісінен талап етем. Күресті жалғастырам», - дейді ол.

Ахметжановтың анасының сөзі

Сотталушы Дархан Ахметжановтың анасы ең алдымен, қайтыс болған кісілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Дархан Ахметжанов мекктепті жақсы оқып, тәрбие көріп өскен адам дейді. Мұғаімдері, достары бәрі білетінін, кез келген танысы мұны растай алатынын жеткізеді.

– Бұзақылық үшін ұсталмаған. Біздің отбасындағы осы жағдай жай түскендей болды. Жұмысын істеп, үш баласын асырап жүрген бала еді. Осы жағдайда естіп шок болдым. Төбелескенін естіп, көрмеген едім. Үш айлық баласына жұмыстан асығып бара жатқан. Әдетте жаяу жүретін. Үш айлық баланың қарны ашып, әйелі қоңырау шалып, «смесь» алуды өтінген. Жол ақысын төлемеймін деген жоқ, төлемі өтпеген. Жүргізуші ар-намысына тиетін сөз айтқан. Кез келген ер адамның намысына тиер еді. Шөкебаева бой бермейді. Ахметжанов өз қатесін түсініп, айыпты толық мойындап отыр. Ал 351-бап бойынша оның кінәсі жоқ», - дейді ол.

Ал сотталушы Дархан Ахметжанов өзіне тағылған 293-бап бойынша кінәсін толық мойындайтынын айтты.

– Қатты өкінемін. Бұл қылмысты жасау себебім – Шөкебаеваның мені көпшіліктің көзінше қорлауы, ар-намысыма тиетін сөздерді айтып, қоғамдық көліктің есігін ашпай, екі аялдамадан түсірмеуінің салдары. Ал 351-батың 3-бөлігі бойынша мен өзімнің кінәмді толық мойындамаймын. Өйткені менің соққы жасауымның салдарынан жүргізуші Шөкебаева есінен танып қалған жоқ. Өз басқаруындағы көлікті тоқтатып, жол көлік оқиғасын болдырмай, адамдардың қазаға ұшыратпауына мүмкіндігі болды деп есептеймін. 

Құрметті, сот мырза! Менің кәмелетке томаған үш бала-шағам барын, қылмыстық жауапкершілікке бірінші ретін тартылып отырғанымды ескеріп, маған бас бостандығынан айырмайтын жазаны тағайындауды сұраймын. Ал 351-бабы 3-бөлігі бойынша мені кінәсіз деп танып, ақтауыңызды сұраймын. Барлық жәбірленушілердің адами тұрғыдан шынайы ниетпен кешірім сұраймын», - деді Ахметжанов.

Сотталушы соңғы сөзінде өрескел қателік жіберіп, ашуға бой алдырғанын, бұзақылық жасағаны үшін өкінетінін, өмірлік сабақ алғанын түсінетінін айтты. «Ендігәрі бұзақылық жасамаймын» деп сенетінін және оған сот та сенсе екен дейді. Тергеушілер сот барысында уәкілетті қызметін пайдаланып, іске «аса қатігездікпен» деген сөзді қосқанымен келіспейтінін айтты. Көз жасына берді.

– Қаза болған отбасылардың туған-туыстарынан кешірім сұрағым келеді. Арты қайырлы болып... Сіздерге өте ауыр. Менің де жүрегім ауырады. Қайғыларыңызға ортақпын. Мені кінәлі деп танып жатсаңыздар, кешірім сұраймын шын жүректен. Жарақат алғандардан да кешірім сұраймын. Алла дендеріңізге шипасын берсін. Ата-анамнан, әйелімнен қиын жағдайда, уайымда қалдырғаным үшін кешірім сұраймын», - деді ол.

Іс бойынша үкім бүгін сағат 17.00-де шығады.

Үш адамның өлімі

Алматыдағы автобус апаты былтыр желтоқсан айында болған еді. Осы оқиғаның салдарынан ерлі-зайыпты Талап Қасымов пен Гүлжан Ерсімбетова, сондай-ақ, Айдос Әлменбаев атты үш азамат көз жұмған. Қайғылы оқиға болған күні олар жол жиегінде көлік тоқтатып тұрған. Апат кезінде үш баланың әкесі Айдос Әлменбаев та қаза тапты. Оның кіші қызы небәрі төрт жаста.

Үш азаматтың қаза болу фактісі бойынша Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 351 бабының 3 бөлігі "көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу " бойынша, " 293 бабының 1 бөлігі “бұзақылық”бойынша қылмыстық істерді тіркеген. Сот Жоғарғы соттың ютуб-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.