Су тасқыны басталғалы бері 119 220 адам, оның ішінде 44 776 бала құтқарылып, эваакуацияланды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Республика бойынша 36 745 адам өз үйіне оралған. Ал, 6 909 адам эвакуациялау пункттерін паналап отыр. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 27 мыңнан астам адам жұмылдырылған.
Жалпы, Азаматтық қорғау қызметтерімен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріптің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында жағдай тұрақталып келеді. Су басқан саяжай аумақтарына мониторинг жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар және полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, су басқан аумақтарды патрульдеп жатыр.
Естеріңізге салсақ, ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі бес мыңнан астам қазақстандық су тасқынынан зардап шегуі салдарынан несиесін кейінге шегеруге өтінім берген деп мәлімдеді.