“Келесі міндет – Атырауды қорғау”: Бектенов үлкен көлемдегі су келе жатқанын ескертті

Ulysmedia

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

Атырауды қорғау міндеті

Үкімет басшысы Атырау облысы басшылығының алдына қала мен елді мекендерді жылжып келе жатқан тасқын сулардан барынша қорғау міндетін қойды. Үкіметке Батыс Қазақстан облысындағы секілді жұмыс ұйымдастыру тапсырылды, онда су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын, жеткізілген инженерлік техникаларды ескере отырып, 14 өңірден жұмылдырылған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ауқымды шығынға жол бермей, су тасқынын еңсеруге мүмкіндік берді. 

Жайық көтеріліп келеді

Күн сайын Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп келеді. Қауіпті белгіге дейін шамамен 100 см қалды. 

«Қазір үлкен су көлемі Атырау облысына қарай ағып жатыр, алдағы күндері шарықтау шегі күтілуде. Барлық күштерді жұмылдырып, басқа өңірлерден қосымша күш тартқан Батыс Қазақстан облысының тәжірибесін пайдаланған жөн. Су деңгейінің сағаттық мониторингін қамтамасыз етіп, қорғаныс бөгеттерінің ұзындығы мен биіктігін ұлғайту қажет. Біз өңірді қорғап, су тасқынына жол бермеуіміз керек», — деп атап өтті Үкімет басшысы. 

500 км-ден астам бөгет салынды

Бүгінде Атырау облысында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 13 мыңнан астам адам және 1 200-ден астам техника жұмылдырылған. Өңірде 500 км-ден астам бөгет салынды, оның ішінде Атырау қаласындағы тұрғын алаптардың бойында – 242 км, 4,8 млн-нан астам қапшықтар пайдаланылды. Өзен сағасында, Каспий теңізінде тереңдету жұмыстары жалғасуда: 1 408 м қазылып, 11 538 м3 топырақ алып тасталды.