Ауылға барған жастарға 10 млн теңге көтерме ақы беру керек: Үкімет ұсынысқа жауап берді

Аян Өрібай

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша көтерме ақы алатын агроөнеркәсіптік кешен мамандықтарының саны 9-дан 24-ке дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Жоба бойынша агроөнеркәсіптік кешен мамандықтарының саны 9-дан 24-ке дейін ұлғайтылған. Оның ішінде ветеринариялық техник, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, зертхананың ветеринар дәрігері мамандықтары бар. 

«Жоба шеңберінде көрсетілетін шараларды күшейту мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредиттің мөлшері аудан орталықтары үшін 1500 АЕК-тен (5,2 млн теңге) 2500 АЕК-ке (9,2 млн теңге) дейін және қалған ауыл елдімекендері үшін 2000 АЕК-ке (7,4 млн теңге) дейін ұлғайтылды (15 жылға дейін сыйақы мөлшерлемесі 0,01 %)», - делінген үкімет басшысы Олжас Бектеновтың депутаттарға берген жауабында.

Депутаттар агроөнеркәсіптік кешен мамандарына жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінетін көтерме жәрдемақы мөлшерін (қазіргі уақытта 100 АЕК немесе 369 мың теңге) 10 млн теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынған. Алайда Бектенов бұл қадам жоба шеңберінде басқа мамандықтар бойынша ұлғайтуды талап етеді әрі бюджетке айтарлықтай жүктеме түсіреді. 

«Бұл ретте еліміздегі төтенше су тасқыны жағдайында зардап шеккендерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қажеттігіне байланысты бюджет қаражатын үнемдеу қажеттігі туындайды», - дейді ол жауабында.

Қаулыға сәйкес денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша кемінде 25% жоғарылатылған айлықақы (тарифтік мөлшерлемелер) белгіленген.