“Заңсыз тұтқындалған 449 азамат босатылды”: ҚР Бас прокуроры

Ulysmedia

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Бас прокуроры Берік Асыловты қабылдады. Кездесу барысында бас прокурор төмендегідей деректермен бөлісті деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Ақорда

Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі жазды. 

Алдымен Берік Асылов Қазақстандағы криминогендік ахуал және қылмыстық-құқықтық салада азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы жөнінде мәлімет берді. Оның бірнешеуі мынадай: 

  • прокурорлар тергеу орындары заңсыз қамауға алған 449 адамды босатқан; 
  • 515 адамға қатысты шыққан үкімді қайта қарау жөнінде бастама көтерген. Оның ішінде 205 сотталушының жағдайы жақсарып, 10 адам ақталған; 

Жасанды интеллекттің көмегі

Сондай-ақ активтерді қайтару және қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары барысында прокуратура органдарының жасанды интеллектіні пайдалануы жөнінде де баяндалды.  

605 қылмыскер ұсталған

Қазіргі таңда қабылданған шаралардың, соның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдаланудың нәтижесінде іздеуде жүрген 605 қылмыскер ұсталған. 

Бүгінде прокурорлар жүзеге асырылып жатқан 663 инвестициялық жобаға құқықтық кеңес беріп отырғанын айтты. Биыл ел экономикасына 2,4 триллион теңге көлемінде инвестиция салған 148 инвестордың түйткілді мәселесі шешілген.  

Президент шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтару үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдану ісін жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың және инвесторлар мен бизнес-қоғамдастықтың құқықтарын прокурорлық қадағалау шараларымен тиімді қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.