Қазақстандағы инфляция: сәуірде қандай тауарлар мен қызметтер қымбаттады

Сырым Қаржас

Биыл сәуір айында тұтыну бағаларының айлық индексі баяулап, 0,6% құрады (наурызда-0,7% болған еді), деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Айдағы көрсеткіштер

Азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасы 0,7%, өнімдер 0,3% - ға өскен.

Сәуір айында бағаның өсімі теледидар саудасында 26,9%, үтіктеу тақтасында 9%, үтікте 6,2% байқалды. Киім мен аяқ киімге баға деңгейі 0,9%, дәрі-дәрмекке, жеке пайдаланылатын тауарларға 0,8% өсті.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында электр энергиясына тарифтер 2,3%, тұрғын үйді күтіп ұстау үшін төлем 1,6%, су бұру 1,1% өсті. Монша қызметтері 2,8%, денсаулық сақтау қызметтері 1,4%, шаштараздар мен сұлулық салондары 1,2% қымбаттады.

Азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Сәбізге 4,9%, қырыққабат 4,2%, түйіршіктелген қант 3,7%, сары май бағасы 1,1% өсті. Реттелмейтін өнімдердің бағасы: алма 3,3%, жүзім 2,5%, кондитерлік өнімдер 2,8%, минералды және ауыз су 2,5% қымбаттады.

Ең жоғары айлық инфляция Жетісу облысында тіркелген (1,1%). Бұл - орташа республикалық деңгейден 0,5 пайыздық деңгейге жоғары.

Азық-түлік бағасы Жетісу облысында 0,9%, азық-түлік емес тауарлар Маңғыстау және Қарағанды облыстарында (1,1%), ақылы қызметтер Ақмола облысында (2,5% - ға) өсті.

Жылдық көрсеткіштер

Инфляция жылдық 8,7% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы 13,5%, азық-түлік емес тауарлар 7,6%, өнімдер-6,3% өсті.

Су бұру тарифтері 43,6%, суық су 36,9%, орталық жылыту 33,5%, ыстық су 31%, қоқыс шығару 30,7% , электр энергиясы 29% өсті. Ацетилсалицил қышқылының бағасы 65,3%, парацетамол 33,3%, белсендірілген көмір 32% өсті.