Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде сегіз сатыға төмендеп кеткен

Ulysmedia

Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингісінде төмендеп, 8 орынға бір-ақ түскен. 2023 жылы 180 елдің ішінде 134-орынды иеленсе, биыл 142-орынға жайғасқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia

«Шекарасыз ретортерлар» халықаралық үкіметтік емес ұйымы мәлім еткендей, еліміз Эфиопия мен Ливияның ортасында тұр. Руанда, Сомали және Гондурас сияқты мемлекеттерден сәл жоғары. Африканың бірқатар елінен, соның ішінде Оңтүстік Судан, Камерун және Угандадан да төменде тұр.

«Шекарасыз репортерлар» қазақстандық интернет басылымдардағы жаңалықтар сапасы артып келе жатқанын айтады. Дегенмен билік интернетке бақылауды күшейтіп жатыр деген пікірде. Олардың мәлімдеуінше, елде тек санаулы мемлекеттік емес басылымдар мен авторлық құқықты қорғау жобалары бар. Ресми түрде цензураның жоқтығына қарамастан, іс жүзінде БАҚ туралы заң өте қатаң.

Билік БАҚ Қаңтар оқиғасын жарияламасын деп қамауға алу, шабуыл жасау, интернетті шектеу сияқты шараларды жасап жатыр. Ақпаратқа қолжетімділік шектеулі, үкіметтік брифингтерде журналистердің сұрақтары цензурадан өтеді. Мемлекет өз үгіт-насихаттарын тарату үшін жеке БАҚ-қа да ақша төлейді, мемлекеттік және үкіметтік басылымдарда бас редакторлардың тағайындалуын қадағалайды, ал ақпарат министрлігі БАҚ кеңістігін реттеуші қызметін атқарады, – делінген баяндамада.

Сондай-ақ баяндамада мемлекеттік органдардың журналистердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні жазылған.

Журналистерге жиі сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылады, ал мемлекеттік органдар журналистердің жұмыс істеуіне жиі кедергі жасайды. Кейбір БАҚ ауқымды кибершабуылдардан зардап шекті, ал жекелеген журналистер әлеуметтік желілерде қудалауға ұшырап, цифрлық тыңшылықтың құрбанына айналды, – деп мәлімдеді «Шекарасыз репортерлар».