Астанадағы үш альпинистің қазасы: сот үкім шығарды

Сырым Қаржас

Елорданың құрылыс нысанынан 3 өнеркәсіптік альпинистің қаза болу фактісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Іс қандай бап бойынша қозғалды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзып, үш адамның абайсызда қазасы, адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiру фактісі бойынша Ш.-ға қатысты істі (ҚК 277-бабы 3-бөлігі) қараған. 

Мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, көтергіш сымарқанның техникалық жай-күйі мен жарамдылығын тексермеген. Биікте тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген 4 өнеркәсіптік альпинистің сақтандыру сымарқаны техникалық талапқа сай бекітілмегені анықталған.

Жазатайым оқиға олардың биіктіктен құлауына әкеп соғып, абайсызда 3 альпинист қаза тапты. Бір альпинист ауыр дене жарақатын алды.

Сот шешімі

Прокурор айыпты қолдап, сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Барлық жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап сотталушыдан қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауын сұрады.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас баланың болуын таныды. Ауырлататын мән-жайл анықталған жоқ.

- Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, мамандар мен сарапшылардың айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және өндірісте болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеу актісімен дәлелденді. Сот Ш.-ны кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге құрылыс-монтаж жұмыстары саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.

Ш.-дан жәбірленушілердің пайдасына 5 млн теңгеден және 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2023 жылдың 12 қазанында Астанада жеке кәсіпкердің 21 мен 24 жас аралығындағы төрт жұмысшысы 9-қабаттан құлап кеткен. Олардың үшеуі қайғылы оқиға салдарынан көз жұмды.

Тергеу нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды.

Алайда арнайы тергеу актісімен келіспейтін жұмыс берушілер оны даулау үшін сотқа арызданған.