Алматыдағы келіссөз қорытындысы: Әзербайжан мен Армения хабарлама таратты

Ғалиасқар Думан

10-11 мамырда Қазақстанның Алматы қаласында Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян арасында келіссөздер өтті. Осы келіссөздер нәтижесі бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері баспасөз хабарламасын таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚР СІМ

Әзербайжанның позициясы

– Министрлер шекараны делимитациялаудағы ілгерілеуді және осыған байланысты қол жеткізілген келісімдерді құптады. Министрлер мен олардың делегациялары екіжақты "Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы келісім" жобасының ережелерін талқылауды жалғастырды. Тараптар әлі де келіспеушіліктері бар қалған ашық мәселелер бойынша келіссөздерді жалғастыруға келісті, – делінген хабарламада.

Сапар аясында министрлер Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен екіжақты, оның ішінде үшжақты форматта жеке кездескен.

Министр Джейхун Байрамов Қазақстан тарапына Әзербайжан мен Армения арасында келіссөздер жүргізгені үшін алғысын білдірген.

Армения тарапы не дейді

Армения тарапының да таратқан хабарламасы да Әзербайжан тарапымен ұқсас.

– Министрлер делимитация бойынша ілгерілеуді, сондай-ақ осы бағытта қол жеткізілген келісімдерді құптады. Министрлер мен олардың делегациялары Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы екіжақты келісім жобасының ережелерін талқылауды жалғастырды. Тараптар ашық мәселелерге байланысты әлі келіспеушіліктер бойынша келіссөздерді жалғастыруға келісті. Сапар барысында министрлер Қазақстан премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен жеке де, екіжақты форматта да кездесті. Министр Арарат Мирзоян Армения мен Әзірбайжан арасында келіссөздер жүргізгені үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдірді, – делінген хабарламада.

Тоқаевтың ұсынысы

Бұған дейін Әзербайжан мен Армения СІМ басшылары Алматыда келіссөздер жүргізетіні хабарланған. Оның алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды бейбіт келіссөздер алаңы ретінде 15 сәуірде Ереванға сапары кезінде пайдалануды ұсынған болатын. Бұл бастаманы Әзербайжан жағы бірінші болып қолдаған.