Қазақстандағы су тасқыны: мемлекет үй салуға жұмыссыз азаматтарды шақырып жатыр

Аян Өрібай

Еңбек министрлігі су тасқыны жеті облыстың тұрғындары мен инфрақұрылымына шығын келтіргені жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз қалған қазақстандықтарды су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру жұмысына жұмылдырмақ.

Толығырақ

– "Біз бірге саламыз!" жобасы басталды. Жоба жұмыссыз азаматтарды су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салып, инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарына шақыруды көздейді. Құрылыс компаниялары ұсынатын бос жұмыс орындарын электронды еңбек биржасынан көруге болады, - делінген хабарламада.

Кез келген адам жұмысқа орналасып, өңірлерге тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге көмектесе алады.

– Бұл жобаның маңыздылығы мынада: біз жұмыс табуға және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге қатысуға ниет білдірген әрбір адамды жедел жұмысқа орналастыру үшін цифрлық ортаны қамтамасыз етеміз. Қазіргі уақытта біз жұмыс берушілер базасын және бос жұмыс орындарын толықтырумен айналысамыз. Өңірлердің әрқайсысының қатысуы маңызды, білікті мамандар да, бейінді білімі жоқ мамандар да қажет, – деді министр Светлана Жақыпова.

Су тасқыны салдарынан Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары мен инфрақұрылымы зардап шеккен.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.