30 миллион теңге пара алды деп айыпталған Мырзахметовке үкім шықты

Ulysmedia

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында “Атамекен”  Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовке үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж Ulysmedia

Сот процесі жабық режимде өтті.  

“Сот үкімімен А.Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд. теңге сомасында ақша қаражаты тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды,”- деп жазды Астана қаласының қылмыстық істер жөнінде ауданаралық соты.  

Абылай Мырзахметов 1969 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысының Жартытөбе ауылында дүниеге келген.  

Ломоносов атындағы ММУ түлегі. Негізгі мамандығы экономист.  

Еңбек жолын бірден "Алтын-Алма концерні" АҚ қаржы директорлығынан бастаған. 1997 жылы "Қазақстан темір жолы" РМК бас директорының бірінші орынбасары, кейін "Қазақстан темір жолы" РМК президенті болған. Ал 2001 жылдың қараша айында ҚР Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. 

Бұрын да істі болған  

2002 жылы наурызда Мырзахметов аса ірі мөлшерде - 3,3 миллиард теңге (сол кездегі бағам бойынша - шамамен 22,5 миллион доллар) ұрлау туралы қылмыстық істі тергеу кезеңінде қызметінен шеттетілді. Сол жылдың маусым айында оны ІІМ Тергеу департаменті тұтқындады. 2003 жылдың мамыр айында Абылай Мырзахметов 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. 

Ал 2005 жылы Абылай Мырзахметовтың мансап қисығы қайтадан жоғарыға көтерілді, ол Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті болды. 2007 жылдан бастап "Атамекен "одағы "Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы"ЗТБ басқармасын басқарды. 2013 жылы "Атамекен"ҰКП Басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2021 жылы Forbes Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің тізіміне Абылай Мырзахметовті енгізді.2022 жылдың ақпан айында, қаңтардағы оқиғалардан кейін Абылай Мырзахметов өз өкілеттігін тастады. Ал 2023 жылдың мамырына дейін ол туралы ештеңе естілмеді. 

Қайта тұтқындалуы

2023 жылдың 10 мамырында Мырзахметовтің ұсталғаны белгілі болды. Антикор "Атамекен" ҰКП-ның бұрынғы төрағасы алаяқтық жасады және кәсіпкерге "туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға"көмектескені үшін пара берді деген күдікке ілінгенін хабарлаған. 

Сотта анықталғаны:  

"А.Мырзахметов 2022 жылғы мамыр айынан қазанға дейін Б.-ға ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары арқылы ағасы Б.-ны қамаудан босату және оған қатысты сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтату мәселесін шешуге мүмкіндігінің бар екендігін айта отырып, жаңылыстырып, алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы, алаяқтық жасау жолымен формальды түрде қарыз шарттарын ресімдей отрып, Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырған,”- деп жазды соттың баспасөз қызметі.  

Сондай-ақ сот ҚР Президентіне А.Мырзахметовті «Құрмет» және 3-дәрежелі «Барыс» ордені мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізді. 
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.