«400 мыңнан берілсін»: Құлсары халқы тағы көтеріліп жатыр

Ulysmedia

Су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы тағы да наразылыққа шығып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде тараған видеодан алаңға жиналған бір топ азаматты көруге болады. Бейнежазбадан олардың өте көп екендігі байқалады. Бұлар өз талабын айтып шыққан азаматтар. Олардың барлығының баспаналары су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған. 

“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” - деп өз талаптарын жеткізді.  

Осы сөздерден азаматтардың әкімдік тарапынан берілетін өтемақыға көңілі толмайтынын аңғаруға болады. Ол өздерінің орта есебімен кететін шығынды 400 мыңға бағалап отыр.   

“Суға кетірдіңдер ме? Боққа батырдыңдар ма? Енді баратын жеріміз жоқ. Қандай үй болсын, кеше кірген болсын, 50 жылдық үй  болсын. Налог төлеп тұрды ғой” - дейді Құлсарылық азамат.  

Жиналғандар әр айтқан сөзі сайын ортадағы сөйлеп тұрған әйелді қошеметпен қолдап жатыр.  

Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-нан су кеткен. Бүгінгі таңда 2 667 тұрғын үй-жай техникалық бағытта тексеріліп, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілген. Барлығы 3 мыңға жуық өтініш түскен.

Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100 пайыз мөлшерде біржолғы төлем берілгені жазылады.

– Сонымен қатар, мүлкіне залал келтірілген 289 кәсіпкермен залалды өтеу бойынша консультациялар өткізілді. Бүгін түстен кейін тұрғындарды техникалық тексеру және бағалау қорытындыларымен кезең-кезеңмен және үймен таныстыру басталады, - деп сендіреді жедел штаб.

Еске сала кетейік, 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні Құлсары тұрғындары аудан әкімдігіне жиналған еді.

Біздің редакцияға хабарласқан азаматтар өздерінің әкімдік алдарында жиналып тұрғандарын, қажет болса шатыр тігіп сонда түнеуге дайын екендіктерін жеткізді. Олар өз үндеуін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады.  

“Біздер топан судан зардап шеккен халық. Маңдай терімен, адал еңбегімен салған үйінің әділетті бағасы есептеліп, ақшаны қолымызға алғымыз келеді. Үйлерімізге әр шаршы метріне 400 000 теңгеден ақы төленіп, сол ақыны қолымызға алғымыз келеді,” - дейді видеожазбадағы азамат.  

Құлсары

Атырау облысы сәуір айының басында су тасқынынан қатты зардап шекті. 

Құлсары (қаз. Құлсары) - Қазақстандағы қала, Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы.

Мұнай кәсіпшілігі саласындағы ірі орталықтардың бірі.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.

Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.