Қырғызстан мен Пәкістан СІМ басшылары Астанада кездесуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz қырғыз БАҚ-тарына сілтеме жасап.
- Қырғызстан мен Пәкістан СІМ басшылары Астанада Бішкектегі пәкістандықтардың қатысуымен болған жанжалды талқылау үшін кездеседі, – деп жазады АКИргеѕѕ қырғыз порталы.
Пәкістан астанасындағы наразылық
Сенбіде Исламабадтағы Қырғызстан елшілігінің ғимараты алдындағы Бішкектегі пәкістандық студенттері мен қырғыз жастарының төбелесіне байланысты наразылық білдірген адамдар жиналды. Наразылық білдірушілер Қырғызстан астанасы Бішкектегі шетелдік студенттерге, соның ішінде пәкістандықтарға қатысты "зорлық-зомбылық жасалды" деп, оларды қатты айыптады.
Дипломаттардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін ауданға қосымша полиция бөлімшелері келді. Полиция елшіліктің айналасына тікенді сым қоршау орнатты.
– Қырғызстанда балаларымызды сабап жатыр, - дейді Исламабадтағы наразылық білдірушілер.
Пәкістанның премьер-министрі не деді
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Бішкектегі пәкістандық студенттермен жергілікті тұрғындардың төбелесі салдарынан болған тәртіпсіздік жөнінде пікір білдірген еді. Шахбаз Шариф әлеуметтік желілерде студенттердің жағдайына алаңдайтынын және жағдайды бақылап отырғанын жазды.
– Қырғызстанның Бішкек қаласындағы пәкістандық студенттердің жағдайына қатты алаңдаймын. Мен Пәкістан елшісіне барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырдым. Менің кеңсем де елшілікпен байланыста және жағдайды үнемі қадағалап отыр, - деді ол.
Оқиға неден басталды
Бішкекте 300-ге жуық жас жігіт жаппай төбелестен кейін шетелдіктерден кек алу үшін көшеге шығып, тәртіпсіздік жасаған. Бұған жауап ретінде қала милициясы барлық жеке құрамды жауынгерлік дайындық жағдайына келтірді.
Оқиға 7 сәуір мен Огонбаев көшелерінің қиылысында болды. Жиналған жас жігіттер шетелдіктермен төбелесіп қалған, бұл құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласқан.
Құқық қорғаушылар кордон қойып. ашынған топты тоқтатуға тырысқан.
Бірнеше рет адамдар кордонды бұзуға тырысты, бірақ тәртіп сақшылары оларды ұстап алып, 10-ға жуық адамды қамауға алынды. Оқиға салдарынан шетелдіктердің жергілікті тұрғындарды ұрып-соғу фактісі бойынша (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды.