Су басқан өңірлердің мектеп түлектері сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеуді жеке кесте бойынша тапсырады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Жалпы биыл қанша бала ҰБТ тапсырады
Қолданыстағы ережелерге сәйкес ҰБТ жылына бірнеше рет (қаңтар, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізіледі. Негізгісі – 16 мамыр мен 5 шілде аралығында болады.
Биыл мектеп түлектерінің саны 185 мыңнан астам адамды құрайды. Негізгі ҰБТ-ға (мамыр-шілде) екі мүмкіндікті ескере отырып, 330 мыңнан астам түлек қатысады деп күтіледі.
Кесте ұзартылды
– Су тасқынынан Ақмола облысының Атбасар қаласындағы және Атырау облысының Құлсары қаласындағы 2 пункт зардап шекті. Бүгінгі күні осы пункттер басқа ғимараттарға көшірілді. ҰБТ-ны штаттық режимде өткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 167,9 мың адам, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірден 26 926 адам тіркелген. Осы өңірлердің мектеп түлектері үшін ҰБТ жеке кесте бойынша өткізіледі, мерзімдері ағымдағы жылдың 12 шілдесіне дейін ұзартылады, – деді жауабында Бектенов.
Грант жайлы
Бектеновтың жауабына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен мектеп түлектерін қолдау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен 20 % (немесе 12528 грант) мөлшерінде гранттарды квоталау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл олардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді және даярлықтың барлық бағыттары бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді делінген жауапта.