Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі өзара сөз байласқан ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Агенттіктің тергеуі
Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі тергеу жүргізген. Тергеу барысында бірнеше фармацевтикалық компанияларға қатысты істер сот тәртібімен қаралғаны хабарланады.
Қандай компаниялар
Агенттік «Медсервис плюс «КФК» ЖШС, «Ақниет» ЖШС және «Стофарм» ЖШС компаниялары «СК-Фармация» ЖШС жүргізетін дәрілік заттарды тасымалдау және сақтау бойынша қызметтерді сатып алу кезінде картельдік келісімге қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды.
Шешім
Сот талқылауы нәтижесінде сөз байласуға қатысқан ұйымдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 342 млн теңгеге айыппұл салынған.
Компания жайлы
Ақниет Групп – фармацевтикалық өнімдерді Ритейл және дистрибуциялау саласындағы қазақстандық компаниялар тобы. Қазақстанның ірі фармацевтикалық дистрибьютор компанияларының қатарына кіреді.
"Ақниет" ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы олигарх Қайрат Итемгенов екені белгілі. Оның орынбасары қызметін Мәжіліс депутаты Руслан Берденов атқарады.