Батыс Қазақстан облысында бүгінгі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккен 8882 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 3,2 млрд теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саяжай тұрғындарының шығыны есептеліп жатыр
Облыс әкімдігінң мәліметінше, бұдан бөлек, тұрғындарының шығынын есептеу жөніндегі комиссия қорытындысы бойынша тұрғын үйлерін жөндеуге 253 отбасыға 422 млн теңге қаржы төленді. Алдағы уақытта тұрғындардан түскен өтініштер негізінде төлемдерді беру жалғасуда.
Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Бөрлі ауданында 58 үй, Теректі ауданында 5 үй сатып алынады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасы аясында Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарының шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі комиссия штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта Орал қаласындағы саяжай тұрғындарының шығынын есептеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанда су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының тұрғындары үшін салынатын 395 үйдің 377-сінің құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан алаңға жиналған бір топ азаматты көруге болады. Бейнежазбадан олардың өте көп екендігі байқалады. Бұлар өз талабын айтып шыққан азаматтар. Олардың барлығының баспаналары су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалған.
“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” - деп өз талаптарын жеткізді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.