Алматы облысында парашютпен секірген офицер қаза тапты

Аян Өрібай

Оқыс оқиға 14 қыркүйекте тіркелген. Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуын орындау кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөздерден

Офицердің әскери шені «капитан», 1990 жылы дүниеге келген. Туыстарының өтініші бойынша Қорғаныс министрі бұдан өзге ақпарат жария етілмейтінін хабарлады.

«Бұрын ол 50 рет парашютпен секірген. Штаттан тыс парашютті-десант құтқарушылар тобының құрамына кірген. Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы және Қарулы Күштердің жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Министрлік әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету жөніндегі қажетті шараларды қабылдамақ.