Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі: Алматыда халықаралық конференция өтіп жатыр

Ulysmedia

Орталық Азиядағы климаттық өзгерістер. Алматыда Бүкіләлемдік даму банкінің қолдауымен халықаралық конференция өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстанның экологияға жауапты құрылым басшылары, Бүкіләлемдік даму банкі, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, ғалымдар мен академиялық қауымдастық өкілдері, аталған мемлекеттің БАҚ өкілдері жиналған.

Фото: дереккөз

Жердің деградациясы, су тасқынының жиілеуі және ауқымы, климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, қоқыс өңдеу, ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсарту, шаңды дауыл дардың жиілеуі, өзен-көлдердің құрғауы, ирригация, яғни суармалы жерлердегі проблемалар және т.б. жайттар Орталық Азия халқы үшін өте маңызды. Конференция қатысушылары аталған жайттарды бірлесе шешу жолдарын қарастырады. Конференция 27-29 мамыр аралығында өтеді. 

Татьяна Проскурякова, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:

Климаттың өзгеруі өзекті мәселе және оны Орталық Азия елдері біріксе ғана шеше алады. Алдымызда үлкен мәселе тұр. Ол - «жасыл» қаржыландыру мен инвестицияны ынталандыру үшін жасыл саясатты жүзеге асыру, жаңартылатын энергия, тұрақты ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстарды тиімді басқару. 

Біз Орталық Азия үкіметтерімен тығыз жұмыс істей отырып, бұл ортақ мәселені шешуге атсалысамыз. Аналитикалық бағдарламалар, ұсыныстар әзірлейміз. Сондай-ақ Орталық Азия халқының мүддесі үшін басым инвестициялық жобаларды қаржыландырамыз.

Доктар Каролина Милов, «Green Central Asia» бағдарламасының жетекшісі Азия», GIZ (Неміс халықаралық ынтымақтастық корпорациясы): 

Климаттың өзгеруіне бейімделудің аймақтық стратегиясын қабылдаған Орталық Азия елдері әлемнің басқа аймақтарынан бір қадам алда келеді. Бұл елдер арасындағы ынтымақтастық пен ортақ жұмысты үйлестіруге көп көмектеседі. Елдердің бірлескен күш-жігері Арал теңізі бассейнінің бүкіл халқы үшін өз жемісін беретініне сенімдімін. 

Айта кетейік, климаттың өзгеруі жөніндегі конференциямен қатар контент-мейкерлерге арналған оқыту бағдарламасы өткізілуде және оған Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан журналистері қатысып жатыр.

Бұл бастаманы халықаралық CAWEP және PROGREEN жобалары тікелей қолдап отыр. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің аталған тақырыпқа қатысты білімін арттыруға, Орталық Азия журналистерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Тренинг барысында қатысушылар климаттық өзгеріс тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен, сарапшылармен тікелей қарым-қатынас орнатуға, ортақ шешімдер іздеуге мүмкіндік алады. 

Бұл конференция 2024 жылдың 11-12 қарашасында Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін БҰҰ аясындағы 29-шы Климаттық саммитіне  (COP-29 UNFCCC)
дайындық іспетті.

Конференция қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылады.

Жанболат ШӘКІМ