Артында әке-шешесі, жары қалды: Құлсарыда 23 жастағы құтқарушы көз жұмды

Сырым Қаржас

Жылыой ауданынның Құлсары қаласында суды техникамен сору арқылы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 2001 жылғы құтқарушы көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресми ақпарат

Атырау облысы төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылы 29 мамырда Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Рақым Бейбарыс Жалғасбайұлы Құлсарыда су сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында бақилық болған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Құтқарушы жайлы

Рақым Бейбарыс 2001 жылы Атырау қаласында туған. Азаматтық қорғау органдарында 2021 жылдан бастап қызмет еткен. Осы қысқа уақыт ішінде бірнеше ірі, күрделі өрттерге қатысып, адам өмірін, мүлкін құтқаруда, қорғауда бар күш-жігерін салып, халық алғысына да бөленгені хабарланады.

– Бейбарыстың артында ата-анасы, бауырлары мен жары қалды. Отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.Ол өз ісінің кәсіби маманы ретінде жүрегімізде мәңгі қалады. Әріптесіміздің иманы саламат болып, пейіште нұры шалқығай, – деп көңіл айтады департамент.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік. 

“Біз сауатсыз емеспіз. Қанағат қылып 400 мыңнан есептеп отырмыз. Соның ісіне сарайы да, қорасы да кіреді,” - деп өз талаптарын жеткізді.  Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді. Кейін тараптар мәмілеге келгені хабарланды.