Қазақстанның билік өкілдері Украина бойынша Бейбітшілік саммитіне бара ма

Аян Өрібай

Швейцарияда 15-16 маусым күндері өтетін Бейбітшілік саммитіне Қазақстаннан өкілдер бара ма? Бұл сұраққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Журналистер бүгін ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтан Бейбітшілік саммитіне Қазақстан қатыса ма деп сұраған.

ҚР СІМ ресми өкілі не дейді

– Бұл саммитке еліміздің қатысуы халықаралық іс-шаралар кестесімен осы мәселе бойынша Қазақстанның ресми ұстанымына қарай қаралатын болады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Украинамен де, Ресеймен де тарихи, тығыз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды қолдайтынын атап өткім келеді. Біз әрқашан барлық елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және БҰҰ жарғысы қағидаттарын орындау тұрғысынан сөйлейміз. Осы жағдайда біз халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысы қағидаттары негізінде бұл қақтығысты осы елдер арасындағы екіжақты қатынастар деңгейінде, тек бейбіт жолмен дәйекті шешуді қолдаймыз, – деді Смадияров.

Бейбітшілік саммиті

24 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан журналистеріне берген сұхбатында Швейцарияда өтетін "Жаһандық бейбітшілік саммитіне" Орталық Азия басшыларының қатысқанын қалайтынын мәлімдеген еді. Швейцария 15-16 маусым күндері өтетін саммитке әлемнің 160-тан астам елі мен халықаралық ұйымдарын шақырған, Зеленскийдің айтуынша, шамамен 80 ел саммитке қатысатынын растаған. Тізімде Ресей президенті Владимир Путин жоқ.