Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есеге көбейген

Сырым Қаржас

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Минскіде ЕАЭО елдерінің үкіметтер басшыларымен халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

primeminister.kz

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы Беларусь астанасы Минскіде өтті.

Сапар барысында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өтті. Сауда-экономикалық, өнеркәсіп, АӨК, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Екіжақты тауар айналымы былтыр $912 млн-ды құрады. Сауда ағындарын әртараптандыру және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту шаралары қаралды. Қазақстан шамамен $265 млн сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

Олжас Бектенов «Белагро-2024» халықаралық көрмесіне қатысып, «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Сессияға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан үкіметтерінің басшылары, Армения вице-премьері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.

ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету басты міндет болып қала бермек. Қазақстан Орталық Азиядағы астық пен ұнның негізгі өндірушісі бола отырып, өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдаланады. ҚР әлемдік азық-түлік экспорттаушыларының ТОП-25 қатарына кіреді. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне жеткізіледі. Оның экспорты соңғы 5 жылда екі есеге өсіп, $5,4 млрд-қа жетті.

Олжас Бектенов логистика мен сақтау жағдайларына байланысты ауыл шаруашылығы өнімін жоғалту мәселесін шешу, сондай-ақ жаһандық жылыну, су тасқыны мен құрғақшылық секілді маусымдық сын-тегеуріндерді сараптамалық бағалау жұмыстарын ескере отырып, агроазық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын нығайту үшін қажетті шараларға тоқталды. Сонымен қатар қазіргі заманғы аграрлық ғылымды дамыту және АӨК-те инновацияларды белсенді түрде енгізу мәселесі ерекше атап өтілді.