«Роллс-Ройс» әкеп беремін»: 10 жыл бойы жасырынып жүрген күдікті БАӘ-ден жеткізілді

Ulysmedia

Ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп күдікке ілінген азамат Біріккен Араб Әмірліктерінен елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан кадр

Не болды

Бүгін Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінен алдау және біреудің сенімін пайдалану жолымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырған күдіктіні жазалау үшін елге экстрадициялады, - делінген хабарламада.

«Роллс-Ройс» әкеп беремін»

Күдікті 2010 жылдың қазан айында жәбірленушіге АҚШ-тан «Роллс-Ройс» маркалы автокөлікті әкеп беремін деп, 50 млн теңгеден астам ақшасын алып, шетелге қашып кеткен.

Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған. Күдікті Қазақстанның құқық қорғау органдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы жасырынып келген.

Күдіктігі қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында 2009 жылдан бері «қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім» бар.