Қазақстан Қытайдан 700 шаршы метр жер алады. Депутат неден сақтанды

Аян Өрібай

Қытай тарапы Бейжіңнің Арбат аумағында 700 шаршы метр болатын жер бергелі жатыр. Ол жерде Қазақстанның Мәдени орталығы ашылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Орталық не үшін ашылады

Мәжіліске келген мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Қазақстанның Қытайдағы мәдени орталығы қазақ тарихын алғаш рет көрші елге кеңінен танытудың, екі ел арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге көтерудің, өзара халықаралық мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асырудың ірі әрі толыққанды ошағына айналдыру көзделіп отыр.

Концепциясы

Қазіргі таңда біздің министрлік тарапынан орталықтың концепциясы жасалып, мазмұны айқындалған. Атап айтқанда ол жерде:

-    кино көрсетілімдері мен концерттік қойылымдарға арналған көпфункционалды зал;
-    білім беру курстары, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізетін арнайы кеңістігі бар коворкинг орталығы;
-    көрмелер өткізуге қолайлы экспозициялық мультимедиялық алаңша;
-    еліміздің туристік әлеуетін көрсететін арнайы туризм бұрышы орналасатын болады.

Мұсабаевтың сұрағы

Отырыс барысында депутат Самат Мұсабаев Қазақстанның Қытайдан 700 га жер алатынына назар аударды. 

– Ертең Қазақстан тарапы 700 емес, 7 мың шаршы метр жер беріп жібермей ме? Осы жерден үлкен ғимараттар салып, адам санын көбейтіп, мәселе туындатпай ма? – деп сұрады Мұсабаев.

Бұл сұраққа жауап берген Аида Балаева Қытайдан кеңсе жалға алынатынын айтады.

– Менің ойымша, біріншіден, бұл бұрын-соңды болмаған ғой. Сондықтан, Мәдени орталықты құру – бірінші қадамымыз. Тәжірибе жинап, жақсы жұмысты ұйымдастыру, жақсы деңгейге жеткізген жағдайда ары қарай ұлғайтатын боламыз, – дейді ол.

Мұсабаев сұрағына жауап ала алмағанын айтады. Министр адам саны жағынан Қытайдағы әріптестердей бірдей ететінін айтты.

– Ең бастысы, біз Қытай тілін білетін азаматтарды іздеп жатырмыз. Сондықтан, СІМ-мен бірлесе, елшілікпен бірлесе жұмыс жасалып жатыр, – дейді ол.

Балаева орталықты ашқаннан кейін оның штатын, қандай адамдар жұмыс істейтінін кейін баяндайтынын жеткізді.