1 күнде 4 алтын: Қазақстандық спортшылар Азия біріншілігінде топ жарды

Ғалиасқар Думан

Қазақстандық велошабандоздар Алматыда өткен Азия біріншілігінің бірінші күнінде төрт алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.

Фото: cycling.kz

Қазақстан құрамасы Өзбекстан мен Гонконг командаларын финалда озып, 40 шақырымдық аралас эстафетада бірінші орынға шықты.  

Ересектер командасынан кейін Қазақстанның жастарымен жасөспірімдері де аралас эстафетада бірінші орынды иеленді. Команда құрамында Батырхан Алик, Мансур Бейсембай, Михаил Подлужный, Ангелина Буренкова, Евгения Заам және Екатерина Удовикина болды.  

Сондай-ақ бір күнде өткен параспортшылар сайысында да қазақстандықтар олжалы болды. Ерлер арасындағы В санатында тұғырды тек қазақстандықтар  иеленді: алтын медальдарды Сейтжан Кенжеғұл мен Антон Лаврентьев, күміс медальдарды Александр Малыгин мен Дэвид Кусаков, қола медальдарды Дастан Талим мен Мақсат Нұрпейісов алды.  

Әйелдер арасында Азия чемпионы Жұлдыз Қайнарова мен Ульяна Чугай, Әсел Қалиева мен Әйгерім Нұрғали күміс медальдарға ие болды.  

С санатында Павел Бабенко Ираннан Бехруз Ферзадтан кейін екінші орын алды. Үшінші орынды өзбекстандық Аброр Ибраимов иеленді.  

2024 жылғы Азия чемпионаты 9 маусымда ерлер арасында 87 км қашықтықтағы masters санатындағы топтық жарыспен аяқталады.