Автопарктерге жүргізушіні жолаушылардан толық оқшаулау талабы қойылмайтын болды

Аян Өрібай

Вице-премьер Роман Склярдың пікірінше, қоғамдық көлік жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулау талабы – қылмыс деңгейі жоғары елдерде ғана бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Талапты кім ұсынды

Алматыда жолаушының бірі жүргізушіні ұрып, ол оқиға бірнеше адамның өлімімен аяқталғаннан кейін депутаттар Үкіметке сауал жолдап, жүргізушіні жолаушылардан толық оқшаулау талабын енгізуді ұсынған еді. 

Жауап

Депутаттардың бұл ұсынысына вице-премьер Роман Скляр жауап берді. Ол жүргізуші автобус салонында жанжал туындаған жағдайда қозғалысты тоқтатып, полиция шақыруы керектігін ескертеді. Заңға сәйкес, жолаушылар жол жүргенде жүргiзушiнi автокөлiк құралының қозғалысы кезiнде әңгiмеге тартпауы тиіс. Бұл заңды бұзған адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

«Автобус жүргізушілерін жолаушылардан толық оқшаулауды қылмыс деңгейі жоғары елдер қолданатынын атап өткен жөн.  Сонымен қатар, жүргізушінің денсаулығы нашарлаған кезде қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі де ескерілуі керек. Осыған байланысты, бүгінгі таңда жүргізушілерді толық оқшаулау үшін қоғамдық көлікті (автобустарды) қайта жабдықтау бойынша міндетті талапты енгізу қажеттілігі жоқ деп санаймыз», - дейді жауабында Скляр.

Үш адамның өлімі

Депутаттық сауалға мұрындық болған Алматыдағы автобус апаты былтыр желтоқсан айында болған еді. Осы оқиғаның салдарынан ерлі-зайыпты Талап Қасымов пен Гүлжан Ерсімбетова, сондай-ақ, Айдос Әлменбаев атты үш азамат көз жұмған. Қайғылы оқиға болған күні олар жол жиегінде көлік тоқтатып тұрған. Апат кезінде үш баланың әкесі Айдос Әлменбаев та қаза тапты. Оның кіші қызы небәрі төрт жаста.

Үш азаматтың қаза болу фактісі бойынша Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі (көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу) бойынша, 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық істерді тіркеген. Сот Жоғарғы соттың ютуб-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Сәуірде автобус апаты ісі бойынша үкім шықты.