Мәселе көріп тұрған жоқпын – министр уақыт белдеуіне қарсы петиция жайлы

Аян Өрібай

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа уақыт белдеуіне қарсы петиция жазған адамдардың наразылығымен келіспейтінін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкімет отырысында Ulysmedia.kz тілшісі Ақмарал Әлназарова жаңа уақыт белдеуіне қарсы петицияға байланысты сұрақ қойған.

Биыл ақпанда Ақмарал Әлназарова 1 наурыздан бастап бүкіл Қазақстанда уақыттың теңесуі қазақстандықтардың денсаулығына оң әсер етеді деп есептейтінін айтқан. Алайда петицияға қол қойғандар ұйқысы қанбай, жұмысы өнбей, писхикалық және физикалық тұрғыдан дискомфорт сезінетінін жазған еді.

Министр әлі де сол пікірде ме?

– Сағат белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Елімізде ғылыми орталықтар, физиология орталықтары жұмысқа тартылды. Фесенков атынадғы астрофизика институты да. Сондықтан, бұл шешім ғылыми шешімдерге негізделе қабылданды деп айтса болады. Сағат белдеуі өзгергенненн кейін емханалар мен ауруханаларға түсіп жатқан науқастардың санын, басқасын байқап отырған жоқпыз. Сондықтан, ол денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар. Шын мәнінде де, Шығыс Қазақстанның азаматтары осы мәселені көтеріп отыр. Ол жерде күн ерте атып, ерте батып кетуіне байланысты. Денсаулыққа байланысты мен басқа мәселені көріп тұрған жоқпын, – деді бүгін Ақмарал Әлназарова.

Петиция

Шенеуніктер бұған дейін уәде еткендей, енді Үкіметте Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобын құрылуы тиіс. Себебі ірыңғай уақыт белдеуіне қарсы ресми петиция 50 мың қол жинаған. 

Жаңа уақыт белдеуі

Қазақстан бүгіннен бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. 

Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді. 

Құжатқа сәйкес, елде Қазақстанда уақытты есептеу сағат белдеулерінің халықаралық жүйесі бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу қолданылады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырды.

19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекіткен еді.