Алматы облысында кооператив төрағасы 50 млн теңге субсидияны жымқырған

Ulysmedia

Алматы облысы Ұйғыр ауданында 50 млн теңге субсидияны жымқырғаны үшін ауылшаруашылық кооператив төрағасы сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

Не болды

Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысын жымқыру және заңдастыру дерегі анықталғанын мәлім етті.

Жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде 2023 жылы ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы аналық қой басының саны және ұрықтандыру тәсілі жайлы шындыққа жанаспайтын ақпаратты қолдана отырып, 50 млн теңге субсидия алғаны анықталды, - деп жазылған хабарламада.

Сот үкімі

Сондай-ақ кооператив төрағасы өзінің қылмыстық табысын көбейту және заңдастыру мақсатында субсидиялау талаптарын ескермей, түскен мемлекет қаражатының бір бөлігін кооператив депозитіне аударып, түскен пайданы өз қажетіне жаратқан.

Сот үкімімен кооператив төрағасы мемлекет қаржысын жымқыру және қылмыстық пайданы заңдастыру бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.