«Өзім қабылдаған шешім»: Мәжіліс депутаты мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ойын айтты

Ulysmedia

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов порталымызға берген сұхбатында биыл алғаш рет оқушылар 1-сыныптан 2-сыныпқа өту үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсырғанын, бұл кезінде өзі қабылдаған шешім екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Оның пікірінше, мұндай емтихандар мемлекеттік тіл үшін аса қажет. 

Бұл мен министр болып тұрған кезде қабылдаған шешімдерімнің бірі еді. Менен кейін салаға басшы болған азаматтың осы жобаны жалғастырып жатқаны үшін рахмет айтқым келеді. Себебі ол керек жоба. Иә, алғаш рет өткендіктен, сапасы, ұйымдастырылуы әлсіздеу болған шығар. Бұл туралы біз тиісті министрлік басшысымен сөйлестік. Олқылықтар жөнделеді деп сендірді. Қазақ тілі ғылымның тіліне, бизнестің тіліне айналмай, ол өз тұғырына қона алады деп айту қиын. Сондықтан мұндай емтихандар мемлекеттік тіл үшін аса қажет. Біз қазір қазақ тілін жасанды интеллектіге енгізу мәселесі бойынша жұмыстанып жатырмыз. Терминология бойынша да жасалып жатқан жұмыстар бар, – деді Мәжіліс депутаты.