Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр: Тоқаев кінәлілерді жазалауды тапсырды

Қалижан Бектемір

Президент Қорғаныс министрінің назарын армиядағы мұндай оқиғаларға жол бермеуге аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

RFE/RL / Коллаж Ulysmedia.kz

Не болды

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты.

Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті.

Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды, – деді ол.

Оқиға

Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы айтуынша ұлына “әлімжеттік жасаған”. 

Сарбаздың анасына әскери полиция қызметкері хабарласы ұлының ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін айтқан. 

“[Әскери полицей] “уайымдамаңыз, бәрі жақсы” деді. Баламда бәрі дұрыс болса, балам маған хабарлассын дедім. Жексенбі күні балалар ата-аналарына хабарласады. Әскери полицей “жарайды, айтамыз” деді. Түстен соң командирі хабарласып, ұлыңыз жансақтау бөліміне түсті деп айтты. “Есі бар ма?” деп сұрап едім, “ес-түссіз жатыр” деді. Ол – кома ғой,” – дейді сарбаздың анасы. 

Сарбаздың анасына әскердегілер  “ешкім саусағын тигізбеді, бізде ондай жоқ, камералар тұр” деп айтқан. 

Анасы ұлына “әлімжеттік жасалды” дейді. Бірақ бұған жауапты органдар әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасай қоймады.